«Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры сот арқылы қызметін қайта сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев сот арқылы қызметке қайта келмек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубының қаржысын талан-таражға салғандардың ісі сотта қаралып, бұрынғы бас директор Дмитрий Васильевтің жеке мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот залынан қамауға алынған Ресей азаматы Қазақстанның Жоғары сотына талап-арыз түсіріп, түбегейлі ақталып шықты. Кейін Ақтөбеге қайта келіп, қалалық сотқа арыз түсірді. Тіпті, жұмыс орнына, қызметіне қайта келуді мақсат етті.

«Дмитрий Васильевтің арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот ҚР Қаржы министрлігінен Д.Васильевтің пайдасына тәркіленген 1 668 100  теңге, 10 450 рубль, 20 түрік лирі мен 150 молдавалық лейтті кері қайтаруға шешім қабылдады. Сонымен қатар, құны 72 000 рубль болатын, арнайы бағдарламасының лицензиясы бар ноутбук,  650 000 мың теңге болатын тұрғын үйдің жалдау ақысы, қазақстандық қорғаушыларға төлеген 1 240 000 теңге, медициналық шығынға төленген 7 580 теңге, тамағы мен жолақысына берілген 2 015 390 теңге, көлік қатынасының 361 337 теңге шығыны арыз иесіне қайтарылатын болды»,- деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ал Ресей қорғаушыларына жұмсалған 1 000 АҚШ долларын қайтару, 2018 жылдың сәуір айында жеке сот орындаушылары бұғаттаған 1 094 312 теңгені алу туралы өтініші қараусыз қалдырылды. Сонымен қатар, Дмитрий Васильев өзінің ешқандай қылмыс істемегенін БАҚ-қа сот шешімімен шығаруға өтініш айтқан болатын. Бірақ бұл да қараусыз қалды.

Дмитрий Васильев өзінің, әйелінің Астана қаласындағы көлік шығынын да сұрады. Ол «Ақтөбе» ФК-дағы еңбекақысын, сыйақысын сұрап, жұмысқа қайта орналасуға өтініш берді. Бұл өтініштерді сот қараусыз қалдырды.

Соңғы жаңалықтар