Ақтөбе дәмханасына «жарылғыш зат қойған» жігіт ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Троя» дәмханасына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, хабарлама 23 қазан күні сағат 22:24-те түскен. Ер адам қоңырау шалып, «Троя» дәмханасына бомба қойғанын айтқан.

«Барлық шұғыл қызмет пен саперлер тобы дереу оқиға орнына барып, дәмхананы тексерді. Дәмханаға келген 87 адам мен қызметкерлер эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында патрульдік полиция қызметкерлері Қобда ауданының 27 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол бомба туралы қалжың үшін хабарлағанын жеткізді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.


Соңғы жаңалықтар