Ақтөбе автобустарында жол ақысы өсуі мүмкін – Ералы Тоғжанов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде өңір орталығында қоғамдық көлік жол ақысы өсуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық көлік тасымалдаушысы жол ақысын 200 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Онсыз да маршурттардың бір бөлігін субсидиялауға биыл 4 млрд теңге бөлінген. Соған қарамастан тариф қымбаттай ма?» деп сұрады БАҚ өкілі.

Облыс әкімі бұл мәселе жан-жақты зерделеуден кейін шешілетінін айтты.

«Өңірде көлік тапшылығы үлкен проблема болып отыр. Сондықтан бізде 100 автобус сатып алу туралы келісім бар. Халық саны қысқа уақыттың ішінде 560 мыңға жетіп отыр. Оның бәрі қосымша көлікті қажет етеді. Оның алғашқы партиясымен 10 автобус келіп үлгерді. Қалғанын екі айдың ішінде жеткіземіз. Ал тарифке келсек, бұл өте нәзік мәселе. Сондықтан оны біз қоғамдық кеңеспен бірге, қалалық мәслихат депутаттарымен бірге шешуіміз керек. Қаланың әкімі мәселені солармен бірге талқылап жатыр. Өз ұсыныстарын беретін шығар», - деді Ералы Тоғажнов.

Оның айтуынша, тариф көтерілуі мүмкін.

«Оны енді көтеруіміз керек қой. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автобустардың бәрін соған сай етуіміз керек. Бағаның өскеніне байланысты тарифтің көтерілуі де заңды. Бірақ оның бәрін экономика басқармасы бар, басқасы бар - бәрі бірлесіп нақты бағаны шығаратынына күмәніміз жоқ», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар