Ақтөбе әуежайының жұмысы толықтай қалпына келтірілді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы тәулік бойғы қызметіне қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз-сәуір айларында Ақтөбе әуежайына жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде 200-ге жуық плита ауыстырылып, нысан жұмысы толықтай қалпына келтірілді.

Қазақстан Авиация әкімшілігі 15 сәуірден бастап шектеулерді түгел алып тастады. Бүгін барлық бағыт бойынша рейсті қайта жандандыруға рұқсат берілді.

«Наурыз-сәуір айларында жөндеу жүргізіліп, комиссия тексеруінен соң оң шешім шығарылды. Қазақстан авиация әкімшілігі әуежайдың қалыпты жұмыс істеуіне рұқсат етті. Қазіргі кезде барлық әуе компаниясына хабарландыру жіберіп жатырмыз. Бұған дейін Qazaq Air және SCAT әуекомпанияларының Нұр-Сұлтан, Атырау, Түркістан және Қазан қалаларына рейстері болды. Оларға тек күндізгі уақытта ұшуға рұқсат беріліп, кешкілік жұмыс уақытша тоқтатылған еді», - деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары әрі қарай да жалғасады. Бірақ әуе айлағы қызметін тоқтатпайды.

Еске салсақ, Ақтөбе әуежайы жөндеу жұмыстарына байланысты 17-27 наурыз күндері аралығында қызмет көрсетуін тоқтатты.

Ал 28 наурыз күні жұмысын қайта жандандырды. Алайда бүгінге дейін рейстер тек күндізгі уақытта орындалып келді.


Соңғы жаңалықтар