Ақтөбе әуежайына террорлық шабуыл «жасағандар» ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде аумақтық қорғаныс арнайы оқу-жаттығу өткізді. Оған барлығы 200-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде 9-12 қыркүйек аралығында «Аспан - 2019» оқу-жаттығуы өтті. Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының аэродромында өткен шараға аумақтық қорғаныстың арнайы әскери батальоны, Ұлттық гвардия бөлімшелері мен полиция департаменті, облыстық төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау департаменттері қатысты. Алдын ала берілген сценарий бойынша 60-қа жуық адам «Ақтөбе» халықаралық әуежайына шабуыл жасамақ болды.

Аумақтық қорғаныстың бастығы әрі облыс әкімі қарулы топтың күшін жоюды тапсырды. Күзет қызметі жан-жаққа хабар жіберіп, өздері қарсы шабуылға шықты. Кейін қосымша күш келіп, қорғаныс күшейеді. Оқу-жаттығу кезінде қоғамдық көлікті басып алған террористерді тоқтатып, ұшақты кепілге алғандарды ұстау операциясы көрсетілді. Бұл тактикада арнайы жасақтың дайындығы пысықталды.

«2017 жылы еліміздің нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, аумақтық қорғаныс интеграцияланды. Осы концепцияға сәйкес аумақтық әскери бөлімдер жасақталып, жұмыс басталды. Бүгінгі оқу-жаттығу осы бағытта жүріп, сәтті өтті. Негізгі аумақтық қорғаныс жасақталды, оларды байланыс құралымен, қорғанысы бар киіммен қамтамасыз етуді сұрап отырмыз. Қазір жерлігікті әкімдіктермен бірге қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді ҚР Қорғаныс күштерінің бас штабы аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы Сұлтан Камаладинов.

Оқу-жаттығуға қатысқан өңір басшысы Оңдасын Оразалин күштік құрылымдардың өзара біріге атқарған жұмысы үшін алғысын айтты.

«Аумақтық қорғаныс бойынша өткізілген «Аспан-2019» оқу-жаттығуы аяқталды. Шара Мемлекет басшысының жедел және жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталды. Сондай-ақ аумақтық қорғаныс бригадасының стратегиялық обьектісін күзету мен қорғау іс-қимылдарына жауынгерлік әзірлігін тексеру, командалық құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіру мақсатында өткізілді. Диверсиялық қауіп бұл - күнделікті шындық. Оған немқұрайлылыққ танытпай, төтеп беруге әрдайым дайын болуымыз керек. Оқу-жаттығу нәтижесі біздің аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің стратегиялық обьектілерді күзету мен қорғау және қылмысты жою іс-қимылдарына дайын екенін көрсетті», - дейді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.






Соңғы жаңалықтар