«Ақтөбе - Атырау» тасжолының құрылысы 2020 жылы аяқталады - министр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келді. Министр Елбасы Жолдауындағы тапсырмалардың орындалу жолдарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келіп, алдымен тау-кен саласындағы жұмысшылармен кездесті. Сонымен қатар, соңғы жылдары салынған жолдарды қарап, көлік логистика саласындағы жобалармен танысты. 7-20-25 бағдарламасының іске асырылу жолдарын қарап шықты.

«Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы бойынша елімізде алғашқы бестікке енді. Мұнда жыл сайын 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Алдағы жылдары 7-20-25 бағдарламасына басымдық беріледі. Қазір Ақтөбеде 131 өтініш мақұлданды. Ұлттық банк пен әкімдіктер баспананың қолжетімділігін арттыра түсіп, алғашқы жарна субсидияланады. Еліміз бойынша 3 өңір «Баспана» ипотекалық компаниясы арқылы «Жас арман» жобасын іске асырады. Жас мамандар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарна құнын екі есе азайтуға мүмкіндік бар», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Министр тау-кен саласының жұмысшыларымен кездесу кезінде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысына тоқталды. 2011 жылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету Ақтөбе облысында 28 пайыз болса, бүгінде 50,5 пайызға жетті. Осы жылы 6 миллиард теңге игеріліп жатыр. Жыл сайын сумен қамтамасыз ету 54,4 пайыз болады.

«Бұрын республикалық маңызы бар жолдарға басымдық берілсе, енді жергілікті жолдар жөнделеді. Бұл мақсатқа келер жылы 10,9 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, «Ақтөбе - Атырау» тасжолының құрылысы 2019 жылы қарқын алып, 2020 жылы аяқталады. Ал 2021 жылы бар кем-кетігі  толық қалпына келтіріледі. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен ақша бөлініп, халықаралық банктерден қаржы алынды», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, бұған дейін «Ақтөбе - Атырау» тасжолының 11-160 шақырым аралығы жаңадан салынатыны хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар