«Ақтөбе» - «Астана» матчын жарты сағат бойы сығалап қарап отырдым – жанкүйер бала

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік оқушы Диас Сәкен «Ақтөбе» - «Астана» матчына билет таппай, жарты сағат бойы стадион сыртында сығалап отырды. Ол өзіне абонемент сыйлауды тапсырған облыс әкіміне алғысын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік Диас Сәкен бір-ақ сәтте елімізге танылды. Ол кеше «Ақтөбе» - «Астана» матчын тамашалауға барғанымен, стадионға кіре алмай қалған.

Сөйтіп ойынды сығалап қарап, шын жанкүйер екенін білдірді.

«Матчқа билетті электронды түрде сатып алғым келді. Бірақ болмады. Кейін кассадан алғым келді. Онда да болмады. Ойын күні стадионды бір айналып шықтым. Негізі ойынды тамашалауға атаммен бірге бардым. Кейін үйге қайтамыз деп тұрғанда атамның көлігі көп машинаның ортасында қалып қойғанын көрдік. Уақытты текке өткізбес үшін мен стадионға қайта бардым. Сыртынан қарайын деп шештім де сығалап отырдым. Қонақтар отыратын орынның артында сығалайтын жер бар. Сонда алаң жартылай көрінді. Отырғаныма 30 минуттай болды. Менің түрімді көрген Айдын Қожахметов ішкі кіргізіп алды. Тіпті «біз ұттық» деп құшақтап алды. Өте әсерлі ойын деп айтып едім. Сөйтіп матчтың ортасынан бастап ойынды стадионда тамашаладым», - деді ақтөбелік жанкүйер Диас Сәкен.

Диас қазір жазғы демалыста жүр. Бос уақытында футбол, волейбол ойнайды.

«Футболды компьютерде ойнап қызықтым. Кейін арнайы үйірмеге қатыстым. Өзімнің арманым – футболшы болу. Кейде кәсіпкер де болғым келеді. Өзім биыл №56 орта мектептің 8-сыныбын бітірдім», - деді ол.

Диас Сәкен маусымдық абонемент алғанына қуанышты. Ол ерекше сый жасаған облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдірді.


Соңғы жаңалықтар