Ақтөбе археологтары ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге кірісті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік археологтар алтын адам іздеу жұмыстарын жалғастырады. Қазіргі уақытта ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге басымдық берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы ашылған музейде бірнеше зал қолданысқа берілді. Олар: «Археология», «Этнография», «1869-1940 жылдардағы өлке тарихы», «Ерлік пен даңқ», «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы» және «Тәуелсіздік жолымен» залдары. Түгел жасақталған залдардың ең құндысы – алтын зал. Мұнда алтыннан жасалған ыдыс-аяқ, ат әбзелдері мен әшекейлер сақталған.

«Бізде археологияның дамуы өткен ғасырдың 70-ші жылдары басталды. Археолог Мир Қабырбаев, өлкетанушы В.Радионов көп мұра қалдырды. Мәселен, қола дәуірінің алтын сырғасы, түрлі тұрмыстық бұйымдары музейге қойылды. Сүйектен жасалған жылқының сулығы да тұр. Сүйекке ою-өрнек қашалған. Бұл жылқының алғашқы қолға үйретуін айғақтайды. Жирекқопа ауылындағы Төртоба қорымынан сармат дәуіріне тән ескерткіштен алтын бұйымдар табылды. 2010-2012 жылдары Германия археологиялық институтымен бірге жұмыс ғылыми-зерттеу жүрген болатын. Сонымен қатар өткен жылы табылған ғұн дәуірінің ат әзбелдері бар. Өкінішке қарай тұтастай қалпына келтіру мүмкін болмай тұр», - деді музейдің ғылыми хатшысы Мейрам Дүйсенов.

Оның айтуынша, ғұн дәуірінің ескерткіштері жер бетінде көрінбейді, сондықтан анықтау қиынға соққан. Ал өткен жылы кездейсоқ табылған ат әбзелдерін қайта құрастыру қиынға соғады. Құрылысқа қажетті құм тасыған жұмысшылар оның негізгі қалпын бұзып тастаған.

Негізі Қазақстанның батыс өңірінде бұған дейін ғұн дәуірі зерттелмеді. Тарихтың олқы тұсын толтыру мақсатында археологтар Ойыл ауданын назарға алды. Анықтау жұмыстарынан соң қазба жұмыстарына басымдық берілді. Археологтар «батыс өңірінде ғұн дәуірі туралы бірде-бір жәдігер жоқ» деген уәжге қарсы нақты деректер келтіруге әзір.

«Қазір Ойылды таңдап отырмыз. Су, шөпті жағалап, сол ауданды зерттеуге алдық. Қобда, Байғанин аудандарын да зерттеу керек. Оңтүстігіміздегі ескерткіштер сақталса, солтүстігіміздегі тоналып кеткен. Шалқарда Талдық өзенінің бойы да бар. Доңызтау, Үстіртке де баруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Доңызтауда экспедиция ұйымдастыру оңай емес. Солтүстік үстірт, Доңызтауды этнографиялық зерттеуге 16 миллион теңге қарастырылған. Ал археологиялық зерттеуге 50 миллион теңге қажет. Патшалық обаға басымдық беріледі. Барлық өңір алтын адамды тауып болды, Ақтөбеде табылмады. Соған күш салуымыз керек», - деді музейдің ғылыми хатшысы Мейрам Дүйсенов. Ойыл ауданында космотүсірілім жасалып, ғұн-сармат дәуірінің 130 нысаны анықталды. Әрқайсысында 40-50 ескерткіш бар. Алдағы бір айда зерттеушілер қазба жұмыстарын жүргізеді.




Соңғы жаңалықтар