Ақтөбе әкімі жастарды мал шаруашылығын дамытуға шақырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жастарды «Қаланы жанға, даланы малға толтырайық» деген бастамасын қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «Жасыл ел» жасағы еңбек маусымын қорытындылады. Жаз бойы тазалау, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын атқарған 80 студент Нұр-Сұлтан қаласына жолдама алды. Олар үш күн бойы Елордадағы танымдық, мәдени ошақтарға барып, қыдыра алады. Бұл жолдамаға ие болғандардың жолақысы мен жатын орны, тамағы, тынығуы тегін. Сонымен қатар «Үздік жасақ» - Мағаджан тәлім бағы, «Үздік жоғары оқу орны» - С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, «Үздік орта оқу орны» - Ақтөбе автожол колледжі, «Үздік жұмыс беруші» - «Қарғалы Сервис» ЖШС, «Үздік командир» – Ақтөбе политехникалық колледжінің студенті Айсұлу Тағабергенова, «Үздік аудан» - Қобда атанды.

«Кейбір аудандар студенттік құрылыс жасағын тиісті жұмыспен қамтамасыз ете алмады. Яғни, дайындық барысында алдын ала жоспарлау дұрыс болмады немесе мүлде жоспарлаған жоқ. Бұл - жергілікті атқарушы орган басшыларына айтылған сын. Алға, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Мұғалжар, Хромтау ауданының әкімдері осы олқылықтарды алдағы маусымда қайталамауы тиіс. Ақтөбе қаласы бойынша мердігер компанияның есепшоты бұғатталып, жастарға уақытылы жалақы төленбеді. Бұл жерде жастардың кінәсі жоқ. Тапсырма уақытылы орындалса, сапасына сын болмаса еңбекақы уақытылы төленуі тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы алдағы жылдары мұндай қателік қайталанса, жауапты қызметкерлердің жазаланатынын айтты. Сонымен қатар «Жасыл ел» жасағын жұмысқа апару, үйіне қайта жеткізу жайы да келесі жылы қаралады.

«Жасыл ел» бағдарламасы - жастарға, соның ішінде студенттерге жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Уақытты тиімді пайдаланады, ата-анаға қамқор болады, табыс табады. Жастар жылында көптеген іс атқарылды. Кәсіп ашуға несие, гранттар бөлінді. Осы іс әрі қарай жалғасын табуда. Соның ішінде жастарды ата кәсібіміз мал шаруашылығын заманауи технологияларды қолдана отырып дамытуға шақырамын. Менің өңір тұрғындарына айтқан «қаланы жанға, даланы малға толтырайық» деген бастамамды белсенді қолдайсыздар деп үміт артамын», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар