Ақтөбе әкімі орынбасарының ақталуы: Мүліктің талан-тараж болғаны дәлелденбеген

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болған Жангелді Әубәкіров арада бір жылдан астам уақыт өткенде сотта ақталды. Аппеляциялық үкім жарияланған күннен бастап күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров ұсталып, Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша тергеу жүрді.

Ал 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе қалалық № 2 сотында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, мердігер мекеме басшысы С.Жанасбаев, бас есепші Д.Дүйсемби, жеке кәсіпкер Н.Мұстафинге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жаңа жыл кезінде безендіру жұмыстарына бөлінген ақша талан-таражға түсіп, мемлекетке 90 млн теңгеден астам залал келгені айтылды.

«Сот Досов пен Әбубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды», - деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ақтау үкімін шығарды.

«Сот отырысында айыптаушы тарап сотталушылардың сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қандай жолмен аса ірі мөлшерде талан-таражға салғанын дәлелдей алған жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін айғақты ұсынбағандықтан сот сотталушыларды кінәсіз деп таныды. Бұдан басқа апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 170-бабының 6-бөлігіне сәйкес «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талап арызын қараусыз қалдырды. Қылмыстық процесуалдық кодекстің 4-тарауына сәйкес А., Д., Д., Д. және М. қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінен соң оңалту және шығынды өтетуге құқығы бар. Апелляциялық үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде экс-әкім Мавр Абдулин де куәгер ретінде шақырылған. Ол сотта қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров пен қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовқа жаңа жылдық безендіру үшін ақша қарастыруды тапсырғанын айтты. Өзі үнемі бұл жұмысты бақылап отырған. Сол жылы бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, қалада түрлі безендіру жасалған.
Айта кетейік, кеше м үлікті талан-таражға салды деп айыпталған Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары ақталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар