Ақтөбе әкімі Мұстафа Шоқай суретін алып тастау себебін түсіндірді
2017 жылғы 7 маусым 14:29

Ақтөбе әкімі Мұстафа Шоқай суретін алып тастау себебін түсіндірді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мұстафа Шоқайдың суреті өз көшесіне салынды. Бірақ сурет салушылар қалалық комиссияның рұқсатын алмаған. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Ақтөбедегі Батыс-2 ауданында Мұстафа Шоқайдың суреті өшірілгені туралы жазған болатызбыз. Бүгін журналистер алдында есеп берген қала әкімі Ілияс Испанов суреттің салынуы мен оны өшірудің негізгі себебін түсіндіріп беруге тырысты.

«Өткен жылдың желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алаш қайраткерлеріне көше атауы берілген болатын. Соның бірі - Мұстафа Шоқай. Көше кең, екі жолақты. Негізгі заңдылық бойынша қала көшелеріне атау беру ұсынысы алдымен тұрғындардан түседі, кейін жергілікті атқарушы орган ұсынысты ономастикалық комиссияға беріп, талқылайды. Осы жолмен көше атауы берілді. Иә, Мұстафа Шоқайдың суретін білеміз, соны салып жатқан уақытта көргенбіз. Әр азаматтың суретін үлкен ғимараттың сыртына салу тәртібі болады. Тәртіпке байланысты келісімді алып, содан кейін ғана сурет салу керек. Немесе мердігер компаниялар сурет салғысы келген кезде қаланың құрылыс кеңесіне сыртқы пішінін алдын ала келісіп алады»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Баспасөз мәслихатында қала әкімі Мұстафа Шоқай туралы мектеп жасынан білетінін, біртуар азаматтың ел үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз екенін айтып, ақталды.

«Егер кешегі жаңбырдан сурет зардап шегіп, шығынға ұшырамағанда біз құжаттарын қосымша әзірлеп, тіркеуге алатын едік. Бірақ ол сурет талапқа сай емес. Сәулетшілердің айтуына қарағанда, ол кісінің суретіне тура келмейді. Қойылған өлшемі де дұрыс емес. Қаламызда қалаған адам өзінің туысының, өзі қалаған нәрсесін салатын болса, онда біздің қаламыз қандай жағдайда болатынын елестете беріңіз. Әлеуметтік желіні қарадым. Адамдар әр нәрсенің астарын, тіпті жамандықты іздеген. Біз ешқашан ол кісілерге қарсы болған жоқпыз, қарсы болмаймыз. Мемлекет ол кісілердің (Алашорда - авт.) 100 жылдығын өткізейін деп отыр. Біздің бар ойымыз, басқа елге мазақ, күлкі болмас үшін заңға сәйкес жасатуымыз керек ғой. Суретін ғана емес, ескерткішін де салып қоюға мүмкіндігіміз бар»,- деді қала әкімі І.Испанов. Кейін сұрақ қайта қойылып, әкім шайтан суреті үй қабырғасына салынса қалай бейжай отыра аласыздар деп журналистерден сұрады.

«Сурет Мұстафа Шоқайдыкі болғаны үшін өшірілген жоқ. Ол жерде басқа бір сурет тұрса ол да өшетін еді. Өзіміз тұрып жатқан үйдің сыртына шайтанның суретін салып қойса, үндемей отырамыз ба? Астарын іздемеңіздер. Ол жерде қайтадан Мұстафа Шоқайдың суретін немесе басқа алаш қайраткерлерінің суретін салуымыз мүмкін. Мұны қала комиссиясы шешеді. Ол кісінің атына қарсы болсақ, көше аты берілмес еді»,- деді І.Испанов.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша Алаш қайраткерлерінің есімі 20 көшеге берілген. Қала әкімі баспасөз мәслихатында сол жиырма адамның аты-жөні есінде жоқ екенін айтып ақталды.

Jańalyqtar

MURAǴAT