Ақтөбе әкімі қоқыс шығарудағы проблеманың себебін атады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қаладан қоқыс шығару мәселесінде тағы түйіткіл туындады. Шаһар басшысы Мұрат Жөребековтің айтуынша, тариф төмен әрі тұрғындар үйдегі адам санын нақты көрсетпейді. Екі себеп жұмысты тұралатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков бүгін қоқыс алаңдарындағы жайдың нақты себебін атады. Түнде қаланы да аралап, мердігер мекемелермен де кездесті.
«Қордаланған мәселелердің бірі – қоқыстың уақтылы шығарылмауы. Қаланы аралап шығып, қоқысқа толы ескі контейнерлерді көруге болады. Жеке секторда және тұрғын алаптарда қоқыс жәшіктері тапшы. Бүгін осыған байланысты мердігер компаниялармен кездесіп, олардың дәлел-дәйегін тыңдадым.

Қалада 3 компания қоқыс шығарумен айналысады. Олардың бұл бизнеске деген экономикалық тұрғыда қызығушылығы өте төмен, техникалар паркі, жұмысшылар штаты жеткіліксіз. Ал қосымша қоқыс таситын машиналар мен жаңа қоқыс жәшіктерін сатып алу олар үшін арман ғана. Себебі кірістері күнделікті шығындарын әрең өтеп отыр»,- деді Ақтөбе қаласының әкімі.

Компаниялардың кейбірі расымен де келісімшартты үзуге қарсы болмаған. Тіпті бәсекеге қабілетсіз екенін мойындаған.

«Бұл жағдайдың осындай күрделі күйге жеткенінің негізгі 2 себебін түйіндедім. Біріншіден, төлемақы жасауға келгенде қала тұрғындарының шамамен 30% үйдегі адам санын нақты көрсетпейді. Ал 25% қоқысты шығаратын компаниялармен келісімшарт жасамаған. Яғни, олар қызмет үшін іс жүзінде төлемейді.

Екіншіден, тарифтің төмендігі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін бекітілген тариф бір адамға айына 180 теңгені құрайды. Бұл еліміз бойынша ең төмен тарифтердің бірі.

Компанияларда басқа қаржыландыру көздері жоқ. Осы екі мәселені шешпей, коммуналдық қызметтер қоқысты уақтылы шығара алмайды. Өз жұмысшыларын және қолда бар техника паркін ұстап қалудың өзі екіталай. Осыған байланысты үй басқарушы ұйымдар тұрғындарға жағдайды түсіндіріп, қоқыс таситын компаниялармен келісімшартқа тұру керегін жеткізіп айтып, жәрдемдесуі тиіс.

Әр үйдің ауласында контейнер алаңдары таза болуы керек және оны үй басқарушы компаниялар бақылауға алуы қажет. Ескі жиһаз, құрылыс материалдарының сынықтары және басқа да ірі көлемді қалдықтар, сол қоқыс иелерінің есебінен шығарылуы тиіс»,- деді М.Жөребеков.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар