Ақтөбе әкімдігі «Тәуелсіздік монументін» заңға сәйкес алып тастамақ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе әкімдігі «Тәуелсіздік монументін» заңға сәйкес алып тастамақ. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі металды құрастырманың құлап қалу қаупімен кәсіпкерден сот шешімін орындауды талап етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы «Тәуелсіздік монументі» белгісінің орнатылғанына 9 жыл болды. Содан бері қала тұрғындары еш шағым айтпады, жергілікті әкімдік «рұқсат жоқ, құжатты рәсімде» деп ескерту бермеді. Ал өткен жылдың 23 желтоқсаны күні Ақтөбе қаласының әкімдігі, Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөлімі, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жерге иелік етіп отырған кәсіпкер Мәнзипа Байжарқынованы сотқа берді. Іс қаралып, әкімдік жеңіске жетті. Себебі, кәсіпкер жерді көгалдандыруы тиіс екен.

«Балалардың ойын алаңы, аттракциондар бұл жерде болмауы тиіс. Жерді мақсатты игеру заңдылығы тексеріліп, бұл аумақты кәсіпкер көгалдандыру қажет болғандығы анықталды. Сот шешімі шықты. Апелляциялық сот отырысында да алғашқы шешім өзгеріссіз қалдырылды. Үкім күшіне енді»,- деді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ербол Кенжалы.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі заңсыз ғимараттармен жұмыс жүргізуді бастағанын, кез келген жер телімінің, нысан мен құрылыстың заңға сәйкес болуын тексеріп жатыр.

«Менің жұмысқа кіріскеніме әлі бір жыл толған жоқ. Тапсырма бойынша қала көркін қалпына келтіру, заңсыз құрылысты анықтап, тәртіп орнату қажет болды. Елімізде заң бар, құрылыс заңға сәйкес жүргізіледі. Егер заңсыз салған ғимарат құлап, адам өліп жатса, оған кім жауап береді? Монумент - біздің символ. Оған ешкім тиісе алмайды. Бұл жерде символ емес, металды құрылысты айтып тұрмыз»,- деді Ербол Кенжалы.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жер иесімен сөйлескенін, монументті сараптамадан өткізіп, заңдастырған соң, оны өзге жерге орнатуға келісім жасалғанын айтты.

Еске салайық, Ақтөбе қаласының бас даңғылындағы «Тәуелсіздік монументі»сүрілетіндігі туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Алматыдағы монументтің шағын көшірмесі мұнда 2008 жылдың желтоқсанында ашылды. 

 

Соңғы жаңалықтар