Ақтөбе әкімдігі өңір басшысының шалғай ауылға неліктен тікұшақпен барғанын түсіндірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар және Байғанин аудандарына тікұшақпен барды. Желі қолданушылары арасындағы қызу талқыдан соң әкімдік оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Жаңажолдағы «Gas Processing Company» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Өткен жылы Қаратөбеде төтенше жағдай болып, мұнай төгіліп қалған болатын. Әкім сол жерде жиын өткізіп, оған құзырлы орган өкілдері де қатысты. Бұл іссапарға тікұшақпен барды. Тікұшақ облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарайды. Осындай кезде қолдануға рұқсат бар. Кен орнына барып, экологтарға да тиісті тапсырма берді», - деді облыс әкімінің баспасөз қызметкері Ғани Жәпішов.

Айта кетейік, облыс әкімі өз сапары кезінде Байғанин ауданындағы мектеп, балабақша жұмысымен танысып, халықпен кездесті.

«Тікұшақпен екінші рет сапарға шықты. Бұған дейін әскери тікұшақпен шекараны аралаған болатын. Облыс әкімі тікұшаққа мінбеу керек деген заң жоқ. Нақты қанша ақша бөлінгенін айта алмаймын», - деді Ғани Жәпішов.

Еске салсақ, Оңдасын Оразалин 2019 жылдың ақпаны айында Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар