Ақтөбе әкімдігі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына кірісті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына 180 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде 5 мың тонна инертті материал, құм толтырылған 2 мың қап әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өткен жылы өзендер арнасынан асып, қала маңындағы бау-бақша суға кеткен болатын. Жалғыз баспанасын тастап қашқан қарапайым халық қазақстандықтардан көмек сұрап, арнайы қайырымдылық қоры құрылды. Ал биыл әкімдік ерте қамданып, төтенше жағдайдың алдын алуға кірісті. Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтің айтуынша, төтенше жағдайдың алдын алуға 180 миллион теңге бөлініп, су тасқынына қарсы күрес штабы құрылды.

«Енді саяжайларды аралау, оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, ескерту беру басталады. Көктемгі су тасқына қарсы іс-шараларына 100-ден астам ассенизатор машинасы, 20 автоцистерна, 20-дан астам ауыр техника жұмылдырылады. Бульдозерлер, крандар, экскаваторлар, тиегіштер де болады. Біз судың арналарын тазартамыз. Сонымен қатар, су тасқынына қарсы 5000 тонна инертті материалдар және 2 мың дана құм толтырылған қапшық дайындау жоспарланды»,- деді Бекболат Нұрашев.

Айта кетейік, өткен жылы болған су тасқынынан соң өзен жағасы нығайтылып, бөгеттер салынды. Өзендердің табаны тазартылып, тереңдетілді.  Биыл су тасқыны кезеңінде тұрғындарды эвакуациялау қажет болса, оларды қаладағы №8,15,26,31 және ауылдық округтердегі мектептерге орналастыру қарастырылған. 

null 

Соңғы жаңалықтар