Ақтөбе әкімдігі аяқ киімге арналған 200 майлы сүрткіш сатып алу себебін түсіндірді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы әкімдігінің Іс басқармасы аяқ киімге арналған 200 дана майлы сүрткіш сатып алды. Оған 100 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік басқармасы шетелдік делегацияға, инвесторларға және сырттан келетін қонақтарға арнап аяқ киім тазалайтын губка сатып алды.

«Бұл шетелдіктер келгенде, қонақтарға пайдаланылады. Мемлекеттік сатып алу кезінде 200 мың теңгеге конкурс жарияланғанымен, жеке кәсіпкер 99 600 теңгеге ұтып алды. Әр данасы 498 теңге болып тұр. Тауар әлі жеткізілген жоқ», - деді Ақтөбе облысы әкімдігі Іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.

Еске салсақ, 2021 жылы Ақтөбе әкімдігі 50 қолшатыр сатып алды. Облыс әкімдігінің іс басқару басқармасы қолшатырды ішкі және халықаралық кездесулерде қолданатынын айтты. Қолшатыр сатып алу жөніндегі хабарландыру 2021 жылдың маусым айында шыққан. Алғашқы бағасы 428 571, 60 теңге.

«Сатып алу қорытындысы бойынша және жеңілдікті ескере отырып «Мулбаева» ЖК және «TAMI» ЖК-мен 195 570 теңге көлемінде тауар жеткізуге шарт жасалды. Бұл сатып алу ресми делегацияның (ішкі және халықаралық) алдағы үш жылға кездесулерін ұйымдастыру үшін қажет болды. Негізі үш жыл сайын сатып алынады. Шетелден келген делегацияның көмекшілері жаңбырлы, қарлы күні пайдалана алады. Екі түрі бар. Біріншісінің қолға ұстайтын жері ағаштан жасалған. Екі адамға арналғаны. Бұл қолшатырды делегация келгенде пайдаландық»,- деді Ақтөбе облысы әкімдігінің Іс басқару басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Әуелбеков.


Соңғы жаңалықтар