Ақтөбе: 350 мың теңгесі бар жастар пәтер ала алады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 350 мың теңгесі бар жастар пәтер ала алады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды, ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Жастар жылына орай бірқатар шаралар өткізу жоспарланды. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде пәтер алудың жолы түсіндірілді.

«Қазіргі уақытта жастар үшін өзекті мәселелердің бірі - өз баспанасының болмауы. Осыған байланысты Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен Ақтөбе қаласының әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе отырып, жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын қолға алды. Біз барлық мемлекеттік мекемелерге хабарлама жібердік», - деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Ереже бойынша 29 жасқа дейінгі облыс тұрғындары аумағы 40-50 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтер ала алады. Ол үшін бастапқы жарна ретінде жинаған 350-450 мың теңге ақшасы болуы шарт. Баспана алған жастар ай сайын шамамен 29 - 44 мың теңге төлейді. Бұл банк депозиті мен жалдамалы пәтерге төленетін ақы. Яғни, пәтер иесі 6 жыл бойы жалдау құнын, коммуналдық төлемді төлеп, ай сайын банктегі депозитіне ақша жинайды. Үміткер Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болуы да шарт.

«Жастар пәтер алған соң оны жалға бере алмайды. Алдымен пәтер жастарға жалға беріледі, олар ақшаны банкке жинайды. Барлық қаржы жиналған соң пәтер құжаты иесіне беріледі. «Нұр Ақтөбе» ауданындағы үйлердің 1 шаршы метрі 110-120 мың теңге болады», - деді қалалық әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай 150 жас баспаналы бола алады. Пәтер беру кезінде ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдарының өкілдеріне басымдық беріледі. Яғни, жастар мемлекеттік, бюджеттік мекемеде жұмыс істеуі керек.

Соңғы жаңалықтар