Активтерді қайтару: Негізсіз байыған жеке тұлғалар қатарына кімдер жатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар заңсыз байыған адамдармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір әлемде активтерді іздеу әрі қайтару барлық елдің өзекті мәселесі екені белгілі. 2022 жылдың басында Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылардың зерттеуіне тоқталып, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, әлемдік қаржы сарапшыларының жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд АҚШ долларына дейін жоғалтады екен. Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді

, - деді Е. Бейсенбаев.

Оның айтуынша, қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «жайлы орын» тауып жатады. Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы әрі жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады.

Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс. Осыған байланысты қаралып отырған заң жобасын қабылдау бүгінде өте өзекті. Басты мақсат – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, оларды шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау. Заң жобасының негізгі концепциясы – заңсыз алынған активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау

, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы аясында Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады. Жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы қамтылады, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады.

Оның ішінде:

1) жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған және заңсыз байыған адамдар жатады;

2) әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып, активтерді заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасқан адамдар қамтылады.

Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар жатады. Осы ретте аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді

, - деді Елнұр Бейсенбаев.


Соңғы жаңалықтар