Ақтаулық жас ұстаз Лондонда 100 елден мұғалімдер қатысқан байқауда топ жарды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулық педагог Лондонда өткен халықаралық жарыста топ жарды. Оксфорд қаласында өткен байқауда қазақстандық ұстаз 100-ден аса мемлекеттен келген мұғалімдер арасынан үздік шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осылайша, ол Францияға магистратураға оқуға грант ұтып алған. Алайда, ұстаздық қызметін тастамай, елге қайтып келді.

Талапты. Талантты. Озық ойлы жас маман. Әріптестері Жігер Телеухановты осылай бағалайды. 25 жастағы педагог әлемнің үздік химия пәнінің мұғалімі атанды. Байқау Оксфорд қаласында өткен. 1 апта бойы оқушыларға қандай тақырыпта тәрбие сағатын өткізу керек, қандай жобалар жасау қажет, сол сияқты пәндер бойынша түрлі методология бойынша біліктіліктерін сынаған. Үздік шықты. Грант ұтты. Алайда, ол елге қызмет етуді жөн көрген.

«Өзіміздің борышымыз бір. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Абай Құнанбаев атамыз сияқты зиялыларымыз өз заманында өздерінің жастарына білімін ашу керек деп өсиет еткен. Дәл солардың жолын қуатын қарапайым қазақтың баласымыз», - дейді Жігер Телеуханов.

Жігер Телеуханов білім инновация мектебінің түлегі. 7 тілде еркін сөйлейді. Ақтауға келгеніне 4 ай болған. Осыған дейін Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, білімін Англияда, Францияда жалғастырған. Алған білімін ақтаулық оқушылардың біліміне жұмсауда. Бұдан бөлек, өз білгенін білім инновация мектебінің ұстаздарына үйретуде.

«Сол жақтағы үйренген нәрселерін, методика, қандай кітаптарды үйрену керек, мұғалімдерді өзін-өзі жетілдіру, практикада үйрену керек сияқты семинар өткізді. 5-6 рет өтті, аптаның бір күндерін белгіледік. Педагогикалық құрам қатысып жатыр. Мақсат айқын. Мына кітапты оқысаңыз, осы дағдыңыз артады деген сияқты», - дейді Білім инновация лицейінің директоры Абайбек Сәрсенбеков.

Жігер қазір оқушыларын химия пәнінен Республикалық олимпиадаға дайындау үстінде. Олардың алтын алатынына сенімді. 400-ге жуық бала білім алатын білім инновация мектебінің 25 оқушысы өңір намысын қорғауға жолдама алған.





Соңғы жаңалықтар