Ақтаулық студенттер мемлекеттік басқару ісіне араласа бастады

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Қала әкімдігінің аппараттық жиналысы жаңа форматта – университет қабырғасында өткізілді. Енді бұл формат дәстүрге айналдырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың басты да өзекті мәселелері талқыланатын кезекті жиын Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекеме басшыларымен қатар, студенттер де қатысты. Осылайша, келешекте мемлекеттік басқару ісін қолға алатын жастардың теория мен тәжірибені ұштастыруына мүмкіндік жасалды.

«Бұдан былай біз айына екі рет жиналысты осылай өткіземіз. Басты мақсатымыз - студенттерді мемлекеттік қызметке етене араластыру. Олар қаладағы өзекті мәселелерді біліп, қалай шешілетінін көруі тиіс. Өйткені, осы студенттер - біздің ізімізді басатын болашақ мамандар әрі басшылар», - дейді Ақтау қаласының әкімі Нұрдаулет Қилыбай.

Аппараттық жиынға қатысуға мүмкіндік алған жастар жаңа бастаманы қуана қабылдады.

«Біз үшін бұл - керемет тәжірибе болды. Қаланың проблемаларымен таныстық және оларды шешу үшін қандай жұмыстар атқарылатынан білдік», - дейді университет студенті Асланбек Мұхамединов.

Атап айтқанда, жиналыста кәсіпкерлік, туризмді дамыту және қоғамдық тәртіп мәселелері сөз болды. Соның ішінде, қала әкімі жастар арасында белең алып тұрған нашақорлық мәселесіне тоқталды. Осы орайда, қалалық полиция басқармасының өкілдері жастарды есірткімен күрес бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарынан талап етілетін бірқатар құжаттың қысқарғанын мәлімдеген еді.




Соңғы жаңалықтар