Ақтаулық хирург 10 мың науқасқа ота жасаған

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «100 жаңа есім» қатарынан табылған маңғыстаулық хирург Талғат Мұқантаев 10 мыңға жуық адамға ота жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол өз есімінің еліміздегі 100 үздіктің қатарына енгенін естігенде, таңғалысын жасыра алмапты. Себебі, өзін өзгелерден артық көрмейді. Бірақ, атақты хирургтың лайықты еңбегін өңір халқы жақсы біледі.

Талғат Мұқантаевтың медицина саласында жүргеніне - 29 жыл. Осы аралықта 10 мыңға жуық адамның өміріне араша түскен. Ота жасаудың соңғы үлгідегі бейнеэндоскопиялық әдісін де меңгеріп, сәтті атқарып жүр.

«Эндовидеохирургия 10 жыл бұрын 1-3 пайыз ғана болатын. Жасалмайды десе де болады. Бүгінгі таңда оның үлесі 80-90 пайызға жетті. Яғни, отаны адам денесін кеспей, тек 3-4 жерін ғана тесіп, жасай аламыз. Бұл - үлкен жетістік»,-дейді Талғат Мұқантаев.

Ізденімпаз дәрігер есімі енді елдегі 18 үздік медицина қызметкерінің қатарында. Ол өзі сияқты өзге сала өкілдерімен бірге Елбасымен кездесіп қайтты. Мемлекет басшысымен жаһандық үрдістерге бейімделудің әлемдік тәжірибелері төңірегінде пікір алмасты.

«Президентпен бір залда отырудың өзі бір ғанибет! Энергиясы өте мықты. Медицина туралы кеңестері мен болашаққа жоспарлары үміт берді. Қазақстан осы салада үздіктердің қатарына енсе, алдымен біздер қуанамыз. Біздегі медицина орталықтары сапалы қызмет атқарып, дәрігерлері әлемдік стандартқа сай ем көрсетсе деген арманым бар»,-дейді Талғат Мұқантаев.

Әке жолын жалғаған Талғат Мұқантаевтың ізін ұлы Еламан басқалы отыр. Ол қазір медцниверситет студенті. Бұған кәсіби дәрігер дән риза. Ол дәрігерлік істің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, отбасылық сипат алуын жақсылықтың белгісі санайды. Өткеннің тек өнегесін алып, болашаққа нық қадам жасау керектігін айтады дәрігер.

Фото: 100esim.el.kz

Соңғы жаңалықтар