Ақтауға Ыстанбұлдан ұшып келген 11 жолаушы карантиндік стационарға жатқызылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауға Ыстамбұлдан ұшып келген 11 жолаушы карантиндік стационарға жатқызылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

Оның айтуынша, түнде «Ыстанбұл - Ақтау» бағытындағы рейс Ақтау халықаралық әуежайына қонды. Бортта 94 жолаушы болған. Рейстегілердің барлығы Қазақстан азаматтары. Анықтамасы бар 83 жолаушы үйлеріне қайтарылды. Ал, 11 адам 1 шағын ауданда орналасқан стационарға жатқызылды. Жолаушылардан алынған ПТР тест теріс нәтиже берген жағдайда үйлеріне жіберіледі.

«Бүгінгі таңда шетелден ұшып кеп жатқан Қазақстан азаматы болсын, басқа елдің азаматтары болсын бәріне термометрия өткізіледі. Және де сауалнама толтырады. Сондықтан да ол теміржол болсын, теңіз жолымен болсын, машинамен келіп жатқан кісілер осындай қатаң тексеріспен есепке алынады», - деді Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев.

Ақтау әуежайы әзірге тек халықаралық рейстерден Ыстанбұл-Ақтау бағытында ғана ұшақтар қабылдауда. Әуе рейсі аптасына 3 рет қатынайды.

Еске сала кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы жаңа қаулысы 6 қазанда сағат 00:00-де күшіне енді.

Жаңа ережеге сәйкес бірқатар шектеу қолданылады. Қазақстанға шетелден келген ұшақ жолаушыларының барлығы термометриядан өтіп, сауалнамаға жауап береді және COVID-19-ға қарсы ПТР-тестінің оң нәтижесі туралы анықтаманы ұсынуы тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту кезінде 72 сағаттан аспаған анықтама ғана жарамды.


Соңғы жаңалықтар