Ақтаудың 55 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар екі күнге созылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудың 55 жылдығын қала тұрғындары салтанатты түрде атап өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий жағасында орналасқан әсем қала - газ бен мұнай өндіретін өнеркәсіп орталығы. Ел тұрғындарының берген бағасы бойынша, бұл ең таза шаһар. Сондай-ақ, көшесіне атау берілмейтін Қазақстанның ерекше қаласы саналады.

55 жылда шағын қала солтүстік батысқа қарай кеңейіп, түрлі зәулім ғимараттар бой көтерді. Демографиялық көрсеткіш те қарқынды дамуда. Қазір қала халқының саны - 200 мыңға жуық. 

Мерекені қала тұрғындары 2 күн қатарынан атап өтпек.

21 қыркүйекте сағат 11.00-де «Абай» атындағы мәдениет кешенінде Ақтау қаласының тарихынан сыр шертетін суреттер көрмесі өтеді.

Сағат 15.00-де «Абай» атындағы мәдениет кешені алдында Абай ескерткіші ашылады. Ал, кешкі сағат 17.00-де 15-шағын аудандағы теңіз жағалауында спорттық шаралар өтеді.

Ертең «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» тақырыбында этнографиялық фестиваль 15-шағын аудандағы теңіз жағалауында сағат 18.00-де басталады. Мұнда тұрғындар шұбат ішуден жарысып, көрмені тамашалай алады. Сағат 19.00-де 15-шағын аудандағы амфитеатрда «Туған күніңмен, сүйікті қалам!» тақырыбында гала-концерт өтеді.

Ал, 22 қыркүйек күні ұлттық спорттың төресі - сәйгүліктердің аламан бәйгесі өтеді.  Сонымен бірге қыз қуу болып, білегі мықты жігіттер боз кілемде белдеседі. Сағат 17.00-де теңіз жағалауында спорттық шаралар ұйымдастырылады. Кешкі сағат 18.30-да Қазақстан халқы ассамблеясы шығармашылық ұжымдары концерт қояды, сондай-ақ қаланың құрметті азаматтарымен кездесу өтеді.

Бұл шарадан «Нұр Шах» сән үйі де қалыс қалмайды. Теңіз жағалауында сән үйінің топтамаларын көрсетпек.

Сол күні, кешкі сағат 20.00-де эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ақтауым - ару, әз мекен!» тақырыбында мерекелік концерт болады. Ал, 23.00-де отшашумен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар