Ақтауды жылумен қамту үшін блок-модульді қазандықтар орнатылады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласын жылумен қамту мәселесін уақтылы шешу үшін облыс әкімдігі қуаты 39 Гкал/сағ (45 МВт) болатын 9 блок-модульді қазандық сатып алып орнатуға облыс әкімдігінен қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласында блок-модульді қазандықтарды орнату жұмысымен танысқан.

– Бірнеше жылдан бері қалада «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясынан жеткізілетін жылу энергиясы тапшылығы сезілуде. Яғни, қуат жеткіліксіз, сондықтан бұл мәселені қандай да бір жолмен шешу үшін біз қуаты 5 мегаватт болатын модульдік қазандықтарды сатып алып, жылу тапшылығы бар жерде орнатуды шештік. Өткен жылы 5 қондырғы сатып алынды, – дейді «Каспий жылу су арнасы» бас инженері Асқар Дүзмағамбетов.

Бірінші кезекте 4 шағын ауданда (13, 15, 28а және 33) 5 блок-модульдік қазандық орнатылады.

Бүгінгі күні 2 қазандық іске қосылды (28а шағын ауданы – 1, 2, 3, 4, 5, 23 үйлер, 1 балабақша. 33 шағынаудан – 30, 31, 32 үйлер, «Маңғыстау арена» ғимараты және мешіт).

Қалған жұмыс жүргізіліп жатыр.

Екінші кезеңде 3 шағынауданда (19, 19а және 32а) 4 блок-модульді қазандық орнатылады.

Сондай-ақ 27 желтоқсанда 17-шағынаудандағы қолданыстағы қазандықты жаңғырту жұмысы аяқталды.

Газ құбыры қосылғаннан кейін қазандық іске қосылады.

Қазандықтарды орнату нәтижесінде 50-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар