Ақтаудан жаяу жолға шыққан екі волонтер 39 күнде Алматыға жетті

Фото: Фото: Облыстың қоғамдық коммуникациялар орталығы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық екі азамат 39 күн дегенде Алматыға аман-есен жетті. Олар екі сырқат баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға баспана әперу үшін осындай қадамға барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерікті Жалғас Сәдуовтың айтуынша, жолда ешқандай қиындық болмаған. Тек қасындағы жолдасы ауырып қалған.

Десе де, ұзақ жолды еңсеріп, 39 күнде Алматыға жеткен.

- Ақтаудан доппен шыққан едік. Допты Атырау қаласында қол сөмке мен сағатқа алмастырдық. Орал қаласынан сақинаға ауыстырдық. Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері сақина алмай, қайта қолымызға сағат ұстатты. Сонымен сақина мен сағат қолымызда болды. Аралға келгенде тағы бір тұрғын сақина берді. Одан бөлек есепшотқа ақша жиналды. Ал Алматыға келгенде қымбат құлаққапқа аралдық тұрғынның берген сақинасын ауыстырып алдық, - дейді Жалғас Сәдуов.

Осылайша жаяу жолаушылардың алға қойған мақсаты ойдағыдай орындалды. Қазіргі таңда есепшотқа 4 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.

Сонымен қатар қолда сақина, сағат, құлаққап бар. Енді қайырымды жолаушылар жаяу Талдықорған қаласына бет алмақ.

- Талдықорғанға барып келгеннен кейін аукцион өткіземіз. Сол арқылы жиналған заттарды сатып, қаржыны біріктіріп, баспана аламыз, - деді Жалғас Сәдуов.

Айта кетейік, маңғыстаулық еріктілер Жалғас пен Жеңіс 1 сәуір күні Алматыға жаяу жолға шыққан болатын.

Негізгі мақсаты – екі баласы эпилепсиямен ауыратын жалғызбасты анаға баспана алып беру.


Соңғы жаңалықтар