Ақтаудан табылған Симба атты арыстан бүгін Алматыға жеткізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ақтауда табылған арыстан ұшақпен Алматыға жеткізілетін болды. Бұл туралы Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысы орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қызметкерлері мен Алматы зообағының ветеринарлары Ақтаудағы әуежайға бет алған.

«Симба Алматыға бүгін жеткізіледі. Одан ары зообаққа беріледі. Жыртқыш қазір арнайы жәшікте қамаулы. Оны жеткізуді «Охотзоопром» РМКК мойнына алған. Орталық мамандары жануарға осындай ыңғайлы жәшік жасады. Бұйырса, кешке дейін арыстан Алматыда болады», - деп жазды Facebook парақшасында Сәкен Ділдахмет.

Оның айтуынша, Алматыда аң патшасын Алматы облыстық орман шаруашлығы және жануарлар әлемі инспекциясының жабайы жануарларды қоныстандыру орталығының мамандары күтіп алады.

Бүгін таңертең Симбаға анестезиялық екпе салынатыны жазылған болатын. Жыртқыш әуе жолымен тасымалдағанда мазасы кетпес үшін арнайы дәрімен ұйықтатылады.

Айта кету керек, 25 маусымда Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылының жергілікті тұрғындары көшеде жүрген арыстанды көріп, дабыл қаққан болатын. Жыртқыш жануарды мамандар ұстап, циркке табыстады.

Кейін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет арыстанның тағдыры туралы айтып берді.

10 шілдеде жыртқыш жануарды заңсыз бағып алған Ақтау тұрғынына қатысты сот үкімі шықты.


Соңғы жаңалықтар