Ақтаудағы тұрғын үй кешеніндегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтаудағы «Флоренция» тұрғын үй кешеніндегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жаңабаевтығ айтуынша, бүгін сағат 15:08 кезінде Ақтау қаласындағы 17-ші шағын ауданында «Флоренция» тұрғын үй кешенінің шатыры жанып жатқаны туралы шақырту түсті.

Оқиға орнына келген кезде жалпы ауданы 5 244 шаршы метр болатын шатырдың шамамен 500 шарты метрі жанып жатқаны анықталды. Пәтерлерден 100 адам, оның ішінде 20 бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Департамент мәліметінше, қызыл жалын сағат 17: 45 кезінде ауыздықталып, сағат 18:23-те толықтай өшірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Тұрғын үй монолитті, 16 қабаттан және шатырдан, 4 кіреберістен және 304 пәтерден тұрады, бір алаңда 5 пәтер орналасқан. Үй 2021 жылы пайдалануға берілді. Құрылыс салушы - «К7групп» ЖШС.

«Тұрғын үй кешенінде өрт сөндіруге арналған сумен жабдықтау жүйесі тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Атап айтқанда, ішкі өрт крандары істен шыққан күйде, ал өрт гидранттарында су беру қысымы төмен деңгейде. Осыған байланысты өртті сөндіру қиынға соқты», - делінген департамент ақпаратында.

Өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар