Ақтаудағы теңіз жағалауында көшпелі вакцинация пункті ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында көшпелі коронавирус вакцинасын егетін пункт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий жағасында ашылған пунктке келіп вакцина жайында толық ақпарат алуға болады. Жаңадан жұмыс істей бастаған екпе пункті 23-25 сәуір аралығында сағат 17:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді.

Қала тұрғындары дәрігер тексеруінен өтіп, екпе алады.

«Теңіз жағалауында ашылған көшпелі екпе пунктінен тегін вакцина алуға мүмкіндік бар. Медициналық кешен ішінде толықтай санитарлық талаптарға сақтай отырып вакцинация жүргізуге жағдай жасалған», - деді «Ясин» медициналық орталығының терапевт дәрігері.

Пункт ашыла салысымен вакцина алуға ниетті жандар табылды.

«Мен өзімнің шын ниетіммен осы вакцинаны алайын деп келдім. Вакцинация туралы көптеген достарымның оң пікірін тыңдап, көзімді жеткізіп барып өзімнің өмірімді сақтандырайын деп алдым. Барлық жерлестерімді вакцина алуға шақырамын»,- деді қала тұрғыны Бибігүл Рамазанова.

Алдағы уақытта көшпелі медициналық көлік ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарына вакцинация жүргізу үшін жіберіледі. Медициналық көлік ауыл тұрғындарын вакцинамен қамтамасыз етуге бағытталады.

Айта кетейік, облыс орталығында бірнеше жерде көшпелі егу пункттері жұмыс істеп тұр.



Соңғы жаңалықтар