Ақтаудағы полицией өлімі: күдікті екі айға қамауға алынды

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда полицейді пышақтап өлтірді деген айыппен ұсталған күдікті екі айға қамауға алынды. Мұны ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ақтау қалалық мамандандырылған сотының баспасөз қызметі растады.

Айта кетсек, бұл оқиға 2 тамыз күні болған. Ақтау қаласы ювеналды полициясының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторын 27 жастағы күдікті пышақтап тастаған. Полиция дерегінше, ауыр жарақат алған 26 жастағы тәртіп сақшысы жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды. Кеше бұл іске қатысы бар делінген күдіктінің ұсталғанын хабарлаған болатынбыз. Ал, бүгін Ақтау қаласының мамандандырылған соты күдіктіні екі айға қамауға алу туралы тергеуші өтінішін қарады.

«Ақтау қаласының мамандандырылған соты 5 тамызда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағына («Адам өлтiру») сәйкес тергеліп жатқан күдікті Ж.-ні екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады», - деп мәлім етті Ақтау қаласының мамандандырылған сотының баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, қаза тапқан полиция қызметкері – Маңғыстау облысының тумасы. Үйленген, 3 баласы бар. Қайғылы оқиға кезінде ол еңбек демалысында болған.





Фото: www.lada.kz


Соңғы жаңалықтар