Ақтаудағы орталық даңғылға Елбасының есімі берілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бұдан былай Ақтаудағы ең үлкен даңғыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болады. Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының отырысында депутаттар осындай шешім қабылдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтаудағы орталық даңғыл 1-ші ықшам аудандағы Ақбота саябағынан бастап, 17-ші ықшам аудандағы «Грин Парк» тұрғын үй кешеніне дейін жалғасып жатыр.

Бұл, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2019 жылғы 20 наурыздағы қорытындысы негізінде «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес қабылданған шешім.


Сессияда сөз алған мәслихат депутаты Табылды Әміров: «Елбасы қиын-қыстау кезеңде елді тығырықтан шығарып, бүкіл әлемге Қазақ елін танытқан тұлға. Ол еңбегін бүкіл халық мойындап, алғысын айтуда. Дәл осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлына қандай мадақтау айтсақ та артық емес. Онымен бірге, тарихи күні Мәжілісте айтылған ұсыныстар, яғни Астана қаласына есімін беру, монумент қою, облыс орталықтарында үлкен көшелер беріп, ұлықтау - өте дұрыс. Ол халықтың ойынан шығып жатыр. Біз де бүгін бір кісідей жиналып, ұлы шешім қабылдадық. Біз бір болып, өңір басшысымен бірге Елбасының бастаған ісін әрі қарай жалғастыруға әзірміз. Нұрсұлтан Әбішұлына деніне саулық, отбасына амандық тілеймін»,-деді.

Жиын соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов орталық даңғылға Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін алғысын білдірді.

Еске салайық, 20 қазан күні ҚР Президенті міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі орталық көшелерге ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру ұсынысын жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар