Ақтаудағы ММА турнирін 15 мыңнан астам көрермен тамашалады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Кеше Ақтауда «Naiza 41» және «EAGLE FC 48» промоушендері аралас жекпе-жектен бірлескен халықаралық турнир өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық аспан астында өткен турнирге 15 мыңнан астам көрермен жиналды. Турнирге Маңғыстау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев, UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамедов, UFC жауынгері Шавхат Рахмонов қатысты.

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту, спортпен айналысатын азаматтар санын арттыру бойынша тұрақты жүйелі жұмыс жүргізуде. Біздің еліміздің намысын қорғайтын және көптеген жас буынға үлгі болатын барлық ұйымдастырушыларға, қатысушылар мен жауынгерлерге алғыс білдіргім келеді. Бұл турнирді Ақтауда өткізу Хабиб Нұрмағамедовтің әкесі, марқұм Абдулманап Нұрмағамедовтің идеясы еді. Өкінішке орай ол қазір біздің арамызда жоқ, бірақ ізбасарлары оның ісін жалғастыруда», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев турнирдің ашылуында.

Турнирге әлемнің жеті елінен 32 спортшы қатысып, 16 жекпе-жек өткізді.

«Naiza» және «EAGLE FC» бірлескен турнирінің басты жекпе-жегінде қазақстандық спортшы Дәурен Ермеков пен ресейлік Гамзат Хирамагомедов «EAGLE FC» белдігі үшін кездесу өткізді. Екінші раундта техникалық нокаутпен қазақстандық спортшы жеңіске жетті. Сонымен қатар отандасымыз Мейірбек Төлегенов (3-1) әзербайжандық Джейхун Годжалиді бірінші раундта ауырту әдісімен жеңді.

Тағы бір отандасымыз Болат Заманбеков (3-1) қырғызстандық Сыймык Эльдияруулынан жекпе-жектің екінші раундында буындыру әдісімен басым түсті.

«Маңғыстау облысының барлық тұрғындарына сәлем жолдаймын. Турнирді тамашалауға келген мыңдаған адамның арасында болғаныма өте қуаныштымын. Дәл қазір сіздердің араларыңызда турнирден кейін осы спорт түріне қызығушылықпен келетін және өз күш-жігерінің арқасында алдағы 10 жылдан кейін аты аңызға айналатын жастар шығады деп есептеймін. Мұндай жарыстарды жиі өткізіп, жастарымызды спортқа баулу керек. Қазақстан - менің туған жерім, мұнда үлкен Дағыстан диаспорасы бар. Маңғыстаулықтардың қонақжайлығы үшін алғысымды білдіремін»,- деді өз сөзінде әлем чемпионы Хабиб Нұрмағамедов.







Соңғы жаңалықтар