Ақтаудағы қоғамдық көліктерге сараланған жолақы құнын енгізу жоспарланып отыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Келер жылдан бастап, қала автобустарында сараланған жолақы құнын (дифференцированный тариф) енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай жолаушылар электрондық карта арқылы (валидатор) жолақы тарифін төлеген жағдайда 70 теңге болатынын, ал қолма-қол төлеген жағдайда екі еселенген 140 теңге төлеуге міндетті екенін айтты.

«Бұл сараланған жолақы құны қазіргі таңда республиканың көптеген өңірде қолданылып жатыр. Сараланған тарифтің артықшылығы бұл арқылы біз тасымалдаушы мекемелердің нақты жолаушы айналымын біліп отырамыз, сол арқылы оларға қаржылай субсидия төлейміз және жолаушылардың жолақы төлеудің электрондық жүйесіне тез дағдылануына септігін тигзетін болады», - деді Н.Қилыбай.

Сондай-ақ, Ақтауда жаңа аудандар арасына қатынайтын бірнеше қоғамдық көлік жүре бастайды.

Ақтау қаласының солтүстік батыс бағытқа қарай өсіп, жаңа шағынаудандар бой көтеруіне байланысты жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жаңа бағыттағы №1 және №8 қоғамдық көліктеріне конкурс жарияланды. Конкурс бойынша тасымалдаушы мекемелер қатысып, жеңімпаз анықталып жатса, аталған жаңа бағыттағы қоғамдық көліктер желтоқсан айынан бастап іске қосылады.

«№1 автобус қаланың «Шығыс-1,2,3» шағынаудандарын қамтиды. Ал, №8 қоғамдық көлігі қаланың 20 шағынауданын бастап 17, 18, 18а шағынаудандары арқылы қаланың орталық бағытына қарай қатынайды. Жалпы, Ақтау қаласы бойынша жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен 6 бағытта қоғамдық көлік қызмет атқарады. Олар № 2, 3, 4, 4М, 5, 7 барлық автобус саны 70 дана. Тасымалдаумен айналысатын 3 мекеме бар олар, «Айна» ЖШС, «Жолаушы-Ақтау» ЖШС» және жеке кәсіпкер «Ш.Бекбаулов», - деді Н.Қилыбай.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтауда тозығы еткен қоғамдық көліктер жаңартылғанын жазған болатынбыз. Бүгінде қалалық қоғамдық көліктердің 70%-дан көбі жаңартуды қажет етеді.

Сондай-ақ, Ақтауда түнде қоғамдық көліктер қызметін қосуды жоспарлап отыр.

«Болашақта сағат түнгі 2, 3- ке дейін жүретін автобустарды шығарғымыз келеді. Жоспарларымыз көп, күні ертең 20-шағын ауданнан бастап шығатын жаңа 8-маршрут шығарайын деп отырмыз. Бұл – сол ауданның тұрғындары көптен бері көтерген мәселе», - деді Нұрдәулет Қилыбай.


Соңғы жаңалықтар