Ақтаудағы бүкіл мектептер мен балабақшаларда жылу мәселесі шешілді

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Ақтау мектептерінде жылуға қатысты тиісті жұмыс жүргізіліп, мәселе шешілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың жылу тораптары жылу жүйесіне қосылды.

Температура кестесіне сәйкес, бүгін қалаға берілген температура 101 градус болды.

Бүгінгі таңда 5 мектеп және бір ​​мектепке дейінгі білім нысанының кейбір блоктарындағы ақауларды қалыпқа келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Белгілі болғандай, мектептерде жауапты қызмет көрсетуші мекеме тиісті реттеу жұмысын жүргізбеген. Дегенмен сағат 17:30-да жұмыс жүргізіліп, барлық оқу орындарында жылу мәселесі шешілді» делінген баспасөз мәліметінде.

Жауаптылар әлеуметтік нысандардағы жылу деңгейін тексерді.

Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов туындаған мәселені шешу мақсатында тиісті мамандарға тапсырма берді.

Еске сала кетейік, бүгін Ақтауда оқушылар сабақты жарты сағаттан оқыды. Бұған оқу кабинеттерінің салқындығы себеп болған.

Ал кеше Ақтауда жылу тұрақты берілуі үшін ыстық су өшірілген болатын.


Соңғы жаңалықтар