Ақтаудағы алаңға жиналғандар біртіндеп тарай бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау қаласындағы «Ынтымақ» алаңында бұрынғысынша жиналған адамдардың қарасы қалың, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна тілшісінің мәліметінше, қаладағы ахуал әлі де күрделі.

«Интернет әлі де қосылмады, мобильді байланыс іркіліспен істеп тұр. Супермаркеттер, дүкендер жұмысын тоқтатқан. Шағын сауда орындары бар, алайда бұл жерлерде тауар тек қолма-қол ақшаға өткізіліп жатыр. Банкоматтарда ақша шешіп алу мүмкін емес», - деді телеарна тілшісі.

Белгілі болғандай алаңдағы халық біртіндеп үйлеріне тарап жатыр.

«Кейбір адамдар «Ынтымақ» алаңынан біртіндеп тарап жатыр. Ақтаудағы алаңда адамдар әлі де тұрғанын байқауға болады. Алайда осыған дейін алаңға тұрғындарды шақырған белсенділер, енді сабырға шақырып, халықты үйлеріне тарауға және жиналмауға үндеу жасап жатыр. Сонымен қатар, қала коменданты үндеу жасап, ақтаулықтарды арандату әрекеттеріне ермеуге шақырды. Себебі олардың барлық заңсыз іс-қимылы заңмен қудаланады», - деді телеарна тілшісі.


Соңғы жаңалықтар