Ақтауда жыл соңына дейін екі білім ошағы пайдалануға беріледі

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады. Өңір басшысы білім мекемелерінің, бокс орталығының және тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл сәуір айында құрылысы басталған Шығыс-1 тұрғын үй массивіндегі жалпы білім беретін мекеме 300 оқушыға арналған. Бас мердігер - «Ақтау НШ» ЖШС.

Ал техникалық жұмыстарды «МаңғыстауҚұрылысИнвест» ЖШС қадағалайды. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Одан әрі облыс әкімі бастаған жұмыс тобы шаhардағы тағы бір мектептің құрылыс барысымен танысты.

34-шағынауданда салынып жатқан орта мектептің құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталған. 900 орынға шақталған нысан жыл соңына дейін аяқталады. Құрылысқа жауапты бас мердігер - «Ондасын Строй» ЖШС.


Аймақ басшысы Серікбай Трұмов мердігерлерге құрылыс жұмысын сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аймақ басшысы «Аққу» 33-шағынауданда орналасқан үшінші кезектегі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Құрылысқа жауапты бас мердігер - «Каскор-СМУ» ЖШС, «Альянс Строй LTD-R» ЖШС, «Еврострой» ЖШС. Техникалық жабдықтау жұмысын «Насихат Құрылыс» ЖШС жүргізеді.

Тұрғын үйлердің құрылысы 2016 жылдың қараша айында басталды. Жалпы ауданы - 88 290 шаршы метр, ал пәтерлердің жалпы ауданы - 53 438,28 шаршы метр. Пәтер саны - 670. Құрылыс жұмысын аяқтау осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Сонымен қатар өңір басшысы бастаған жұмыс тобы 17-шағын аудандағы «Бокс» орталығында болды. Жобаны North Caspian Operating Company N.V. қаржыландырады. Тапсырыс беруші мекеме: «МаңғыстауҚұрылысИнвест» ЖШС. Бас мердігер - «Темірстройсервис» ЖШС.

Жаңа спорт кешенінің құрылысы 2018 жылдың мамыр айында басталды. Мұнда бокспен ғана емес, сонымен бірге дзюдо, таэквондо, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен де шұғылдануға жағдай жасалған. Сыйымдылығы - 1500 адам.

Қазіргі күні құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталған. Нысан биыл тамыз айының соңында пайдалануға берілмек.


Соңғы жаңалықтар