Ақтауда жыл соңына дейін 615 мың шаршы метр баспана салынады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда 10 мыңнан астам адам баспанаға мұқтаж. Облыста орталығында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жыл соңына дейін 615 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі, беп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақтау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

Ақтау қаласының әкімдігінде өңір басшысы Серікбай Трұмовтың төрағалығымен шаһардың дамуы бойынша көшпелі жиын өтті.

Басқосуда Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асатын жобалар бойынша баяндама жасады. Мәселен, биыл қалада 450,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 615 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанамен қамту үшін 33 шағынауданда көпқабатты 670 пәтерлік тұрғын үйдің 3-кезеңі, 18 шағынауданда 180 пәтерлік төрт тұрғын үй, 19А шағынауданда, №41 учаскесінде 432 пәтерлік бес тұрғын үй салынып жатыр»,-деді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджеттен 9 балалар ойын алаңы жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 90 млн 090 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге, 6 спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 72 млн. 962 мың теңге қаражат бөлінді.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жылы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Жұмыспен қамту» жол картасы бекітілді.

«Осы бағдарлама аясында қалада 6 шағынауданды (2,6,7,12,26,27) толығымен абаттандыру жұмысы жүргізілуде. (автожолдар – 67,2 км., тротуар - 45,8 км. балалар ойын алаңдары – 63 дана, спорт алаңдары – 22 дана). Орталық көшелердегі жол бойында орналасқан 177 көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері сырлануда»,- деді қала басшысы.

Алдағы уақытта Шығыс-1 ш/а 300 орындық орта мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Жиын соңында облыс әкімі С. Трұмов «Аққу-3» тұрғын-үй кешенін биыл бітіріп, қолданысқа беруді тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар көп жүретін жолдарға жаяу жүргіншілер жолағын сызу, бағдаршам орнату қажеттілігін де айтып өтті. Қаланы көгалдандыру мәселесін қатаң қолға алып, арнайы мамандардың кеңесімен жасыл желекті баптауды тапсырды.


Қаракөз Марат


Соңғы жаңалықтар