Ақтауда Жеңіс күні қалай тойлануда

None
None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Ақтауда ардагерлер «Мәңілік алауға» еске алу гүл шоқтарын қойды. Қасиеті мен қасіреті қатар өрілген Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай, етігіне қан толып, толарсақтан саз кешкен жылдары оқ дауылының ішінде аттан салған жауынгерлер мен шейіт болған талай боздақтардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды ҚазАқапарт тілшісі.

Мәңгілік алау жанына Даңқ гүл тізбегі әкелініп, содан соң бір минут үнсіздік жарияланды.

«Батырлардың соғыстағы ерлігі адамзат жадында мәңгі сақталады. Миллиондаған адамдар майдан даласында бастарын қатерге тікті, біздің бейбіт болашағымыз үшін қаза тапты. Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызды осы Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын», - деді Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов.

Сондай-ақ, облыс әкімі Серікбай Трұмов соғыс ардагері Бисен Боқаевтың үйіне барып, құттықтады.

Бисен атай биыл 98 жасқа толады. 18 жасында армияға алынған. Кеңестер одағы және Қытай елі шекарасындағы әскери жасақ құрамында болады. ІІ-украин майданында соғысып Беларусь, Еуропаны фашизмнен азат етуге қатысады. Сұрапыл кезеңдегі естеліктері «Өнегелі өмір» атты кітапта оқырманға түсінікті тілмен суреттелген. Шағын кітапта ардагердің өмірбаяны егжей-тегжейлі айтылған. Әсіресе соғыс жылдары түскен фотосуреттері, атайдың көрген-білгені еркін тілде жазылуы бірден баурап алады. Бисен Боқаев ауыл мектебінде 7 сынып қана оқыған. Шекара әскерінде пулеметші болыпты. 1944 жылы фашистердің Ясско-Кишинев тобын жоюға қатысады. Сол уақытта екі жақтан да адам шығыны көп болғанын айтады.

«Операция 20 августе басталды. Наступление. Содан немісті румынмен бірге тас-талқан қылып қудық қой. Кишиневтің оңтүстігінде Баймаклиской дейтін тоғай бар. Сонда көп немістерді қоршап, пленге алдық. Карпат тауында Льбовқа жақын тағысын тағы жерлерде бандиттер болды ғой Бендеровскийлер дейтін. 47-ші жылға дейін сонымен де жағаластық», - деді ҰОС ардагері Бисен Боқаев.

Соғыс біткен соң Бисен Боқаев кеңестер одағы-румын шекарасындағы әскерге жіберіледі. 4 жыл қызмет атқарып, есен-сау елге оралады. Отбасы құрып, 9 перзент сүйеді. Бүгінде 30-дан астам немере мен шөбере қызығын көріп отыр.

Биыл Маңғыстау өңірінде жеңістің 76 жылдығын көзі тірі 6 соғыс ардагері қарсы алды. Әрқайсына жергілікті бюджеттен 1 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ 675 тыл еңбеккері қаржылай қолдау алып отыр.


Соңғы жаңалықтар