Ақтауда «Жасыл үй» акциясы басталды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда «Жасыл үй» акциясы басталды. Оның аясында көппәтерлі үйлердің аулаларын көгалдандыруға ниет білдіргендер 10 көшет тегін ала алады. Өтінімдер 30 наурызға дейін қабылданады. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экологиялық айлық аясында Ақтау қаласының әкімдігі «Жасыл үй» акциясын бастайды. Енді әрбір тұрғын ауласына ағаш отырғызып, күтім жасай алады. Біз көшеттер беруге дайынбыз. Қаланың қоғамдық орындарын ғана емес, аулалар мен тұрғын үй массивтерін де көгалдандыру қажет деп санаймыз. Әр адам өзі отырғызған ағашқа күтіммен қарайтынына сенімдіміз», - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Ғалымжан Серікбаев.

Айта кету керек, акцияға қатысушылар үш жыл ішінде отырғызылған ағаштарға күтім жасау туралы кепілдік міндеттемесіне қол қоюы керек. Instagram/ Facebook ресми беттерін белгілеу арқылы ағаштың жағдайы туралы фотосуреттер мен бейне есептерді үнемі жүктеуі керек. Ағаш егетін алаңды ПИК немесе ЖЭК-пен келісу қажет болады.

Қатысу үшін электронды мекенжайға ([email protected]) мыналарды жіберу қажет:

* Өтініш, аты-жөні және байланыс деректері,

* Ағаш отырғызғысы келетін алаң, нақты мекен-жайы,

* Жоспарланған орынның бірнеше фотосы.


Соңғы жаңалықтар