Ақтауда жаңадан салынған көпқабатты үйлер талапқа сай емес

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының әкімдігі көпқабатты үйлерді талаптарды бұза отырып салған құрылыс компанияларын сотқа берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.  

Құрылысшылар жобада көрсетілген 5 қабаттың орнына 6 қабат тұрғызған. Қазіргі таңда эскиздік жобадан ауытқыған 8 үй анықталып отыр. Оның 5-еуін мердігер компаниялар тұрғындарға сатып үлгерген. Тұрғын үйлердің екеуі былтыр, ал үшеуі биыл пайдалануға берілген.

Бұл ретте, 5 үйден тұратын тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниялардың бірінің басшылығы алтыншы қабатты заңдастыру үшін қалалық әкімдікке өтініш білдірген. Бірақ жергілікті билік компания өкілдерінің үстінен мамандандырылған экономикалық сотқа шағым түсірді. Еліміздегі тұрғын үй құрылысына қойылатын талапқа сәйкес, ғимарат 5 қабаттан жоғары болса, міндетті түрде лифт орнатылуы тиіс.

Ақтау қалалық сәулет және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлима Тоқтарованың айтуынша, құрылыс компанияларының ешбірінде үлескерлердің қатысуымен үй тұрғызуға рұқсаты жоқ.

«Үлескерлік қатысу туралы заңнамаға сәйкес, құрылыс салушы компания үлестік қатысумен тұрғын үй салуға рұқсат алуы тиіс. Бірақ бірде-бір компания бұл рұқсатты алмаған. Сондықтан, мұндай құрылыстарға ақша салмау қажзеттігі туралы халықты ұдайфы ескертеміз. Егер баспананы ресімдейтін болса нотариусқа жүгіну қажет немесе эксплуатацияға енгізу актісі болған кезде факті бойынша сатып алу керек», - деді ол.

Мәлім болғандай, заңсыз көтерілген алтыншы қабаттар бұзылатын болады.

«Мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына хат жолданып, қазіргі таңда 6-қабатты бұзу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Салынған құрылысты бұзу үшін мамандандырылған сотқа хат жолданды», - деді қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің маманы Шалқар Ерболғанов.

 

Соңғы жаңалықтар