Ақтауда заңсыз 10 онлайн-казино жабылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы күрес мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат tumba.kz сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлік, қоғамдық бірлесіктер, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан шарада Экономикалық тергеу қызметінің (ЭТҚ) осындай қылмыстарға қарсы жүргізіп жатқан жұмыстарына қатысты маңызды аспектілері талқыланды.

Кездесуде Грузия азаматы бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгені айтылды. Олар бірнеше жыл бойы облыс аумағында заңсыз құмар ойын бизнесімен айналысқан.

Бұдан бөлек, соңғы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «онлайн-казино» ойыны жүргізілген он нүкте жабылған. Үш адам тұтқындалып, 188 ойын құралдары тәркіленген. 25 эпизод бойынша іс сотқа жолданған.

«Қылмыстық кодексте МКҚ құқық қорғау бөлімшесінің құзыретіне  қатысты 50 бап бар. Оның ішіндегі 24 бапта «қылмыстық топ» жасаған белгілер атап өтілген. Бұл - көптеген экономикалық қылмыстардың ұйымдасқан әдіспен жасалатынын көрсетеді», - деді ЭТҚ басқармасының басшысы Өмірсерік Тажмағанбетова.

Сондай-ақ, ол ұйымдасқан қылмысты қаржыландыру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша шараларды іске асырудың маңыздылығына назар аударды. Ұйымдасқан қылмыстың заманауи үрдістерінің бірі - оның қызметін заңдастыру, яғни қылмыстық жолмен алынған қаражаттармен инвестициялау арқылы заңды кәсіпорындарды құру.

Кездесуге қатысушылар кеңірек пікір, тәжірибе алмасты және қолданыстағы заңнаманы дамыту бойынга бірқатар ұсыныстар айтылды.

Соңғы жаңалықтар