Ақтауда WorldSkills Kazakhstan чемпионаты басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда жұмысшы мамандар арасындағы «Worldskills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Worldskills-жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Ол 1946 жылдан бастап әлемнің 83 елінде өткізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамға қажетті мамандардың біліктілігін арттыру осы жоба аясында жүзеге асырылады.

Үш күнге созылатын аймақтық чемпионатқа 22 колледжден 388 студент және 50 мектеп оқушысы, 12 балабақша тәрбиеленушілері қатысуда. Олар 77 мамандық бойынша жарысады. Қатысушылардың жұмысын шамамен 420 сарапшы бақылайды.

WorldSkills жобасы аясында Маңғыстау облысында балабақша тәрбиеленушілерін еңбекке баулу мақсатында өткен жылдан бастап «BabySkills Aktau» чемпионаты өткізіліп жатыр. Ал биылғы чемпионаттың ерекшелігі - өңірде алғаш рет өскелең ұрпақты қазақ халқының ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне, рухани және адамгершілік-этикалық құндылықтарына тәрбиелеу мақсатында Dalaskills байқауы өткізіледі. Онда балалар матаға сурет салу, Ұлттық құрақ өнері, киіз өнері, ұлттық тағамдар жасаудан жарысады.

I орын алған өңірлік кезеңнің жеңімпаздары «WorldSkills Kazakhstan» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына жолдама алып, Нұр-Сұлтан қаласында бақ сынайтын болады.


Соңғы жаңалықтар