Ақтауда тозығы жеткен қоғамдық көліктер ауыстырылды

None
None
АҚТАУ. ҚАзАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласының автобус паркіне 18 дана заманауй үлгіде жасақталған қоғамдық көліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автобустар Қостанай облысының «СарыАрқаАвтоПром» АҚ-ның зауытында құрастырылған. Сыйымдылығы 70 жолаушыға (27 орындық) арналған. «Yutong» маркалы көлік экологиялық таза дизель отынымен жүреді. Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін газ қозғалтқыштарымен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін төмен еденді етіп құрастырылып, арнайы көтергіш құралы орнатылған. Жаңа қоғамдық көліктерде қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Бейнебақылаумен жабдықталған. Жазда тұрғындарға ыңғайлы болу үшін салқындатқыш қойылған. Алдағы уақытта GPS қондырғысы қойылады.

Облыс әкімі қала халқын қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа қоғамдық көліктер ақтаулықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттылған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Өңірде қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ-ы бастамасымен 2018 жылы «Ақтау қаласы автобус паркін жаңарту» бағдарламасы жасақталды. Сондай-ақ, бұл «Нұр Отан» партиясының сайлау алдындағы бағдарламасына да енгізілген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында жолаушылар тасымалы мен оларды субсидиялау мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Міне бүгін Ақтау қаласына елімізде құрастырылған отандық өнім қала тұрғындарын тасымалдайтын болады. Көліктер құтты болсын!»,-деді Серікбай Трұмов.

Автобустардың жалпы құны 721,8 млн. теңге, оның 30%-ы алғашқы жарнасы мемлекет тарапынан төленді, ал қалған 70%-ы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның лизингтік бағадарламасы арқылы төленеді. (1 автобустың құны 40 100 000 теңге).



Соңғы жаңалықтар