Ақтауда су тұшыту зауытының құрылысы басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда су тұшыту зауытының құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жергілікті атқарушы органдар өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесімен айналысуда. Облыс әкімдігіне бірқатар кәсіпкерлер хабарласып, жеке инвестиция есебінен су тұшыту зауытын салуға ұсыныс жасады.

Бұған дейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев су тұшытатын зауыт құрылысына қаржы салуға дайын инвестордың табылғанын айтып, Ақтау қаласының әкіміне жобаны жеделдетуді тапсырған болатын.

50 га жерде сыйымдылығы 40 мың текше метр су бассейндері мен суды тұшытатын қондырғылар бой көтереді. Инвестициялық жобаның құны 4 млрд теңге

- Жуырда Президенттің Маңғыстау облысына келген сапары барысында су мәселесін шешу туралы тапсырма берілген болатын. Халықты үздіксіз ауыз сумен қамтуға бағытталған жобаларды жеделдетуге кірістік. Су тұшытатын зауыт салуға келіскен инвестормен қажетті келісімдер жасалды,- деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа зауыттың жоспарланған қуаты 20 мың текше метрден астам. 2022 жылы іске қосылатын жобаның алғашқы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр су өндірілмек.

- Техникаларымыз жеткілікті. Канал қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп жатырмыз. Бір бөлігі АҚШ, Европа елдерінен, енді бір бөлігі Ираннан жеткізіледі,- деді жоба құрылтайшысы Есман Жұмабаев.


Соңғы жаңалықтар