Ақтауда шахтаға құлаған лифт: Жауапты мекеме оқыс оқиға бойынша пікір білдірді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС шахтаға құлаған лифті жайында ресми пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы жағдай Ақтаудағы 17 шағынаудан Aktau Plaza тұрғын үй кешенінде болған.

Тұрғындардың айтуынша, 25 қыркүйек күні кешкі сағат 19:30 шамасында ішінде адамдары бар лифт шахтаға құлаған.

Ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғындар бір-біріне көмектесіп, шахтадан шыққан.

Аталмыш оқиға кезінде лифтіде кішкентай балалар, жас аналар болған.

Олар лифтінің істен шығуы бірінші рет емес деп шағымданды.

«Ақтау қалалық лифтілері»ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев мәліметінше тұрғын үйдің лифті тұрғындардың өтініші бойынша барлық ережелерге қайшы қосылған.

Ол қажетті сынақтардан өтпеген және пайдалануға берілмеген.

Түрік өндірісіндегі лифтіні жеткізуге және монтаждауға арналған шарт 2019 жылы жасалды. Лифтіні монтаждау жұмысы 2020 жылы аяқталды.

«Барлық құжаттарды құрылыс салушыға тапсырдық. Олар өз атынан пайдалануға беруге өтініш беруі керек еді. Бірақ бұл құжаттар үйді салушыларда болды. Олар үйді толық аяқтамай жатып адамдарды қоныстандырды. Тұрғындар лифт қосуды сұрай бастады. Өйткені алтыншы, жетінші қабаттарда қарт адамдар тұрады. Біз заңға қайшы келдік. Үйді толық пайдалануға рұқсат берілгенге дейін лифтіні іске қоспау керек еді. Біз тұрғындарға жеңілдік жасағанымызға кінәліміз», - деді «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.

Пайдалануға тапсырар алдында мамандар лифтінің қауіпсіздігін тексеруі керек еді. Бірақ бұл жұмыстар жасалған жоқ. Өйткені құрылыс салушы әлі тіркеуге өтініш бермеген еді.

Мамандар төтенше жағдайдың себебі шамадан тыс жүктеме болуы мүмкін деп болжайды.

Видеода көрінгендей, оқыс оқиға кезінде лифтіден алты ересек адам мен жас балалар шығып жатты.



Соңғы жаңалықтар