Ақтауда сәби сатқан әйелдер сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда Маңғыстау облыстық перзентханада жаңа туған сәбилерді сату фактісі бойынша сот процесі аяқталды. Төрт сотталушы бас бостандығынан айырылды.

Маңғыстау облыстық перзентханасының қызметкері, бала саудасы бойынша шарт жасауға көмектескен заңгер, бала саудасындағы делдал және жас босанған әйел үш жылдан сегіз жылға дейін жалпы режим колониясында жазасын өтеу үшін абақтыға қамалды.  Барлық төрт әйел де ҚР ҚК 135-бабы (Балаларды саудалау) бойынша айыпты деп танылды.

Маңғыстау облыстық перзентханасының қызметкері сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол материалдық жағдайы төмен болашақ аналарды баласын сатуға үгіттеген. Сәбиді сату-сатып алу шартын рәсімдеуге көмектескен заңгер жалпы режим колониясына жеті жарым жылға қамалды.

Өз сәбиін сатуға бел буған биологиялық анаға бес жыл тағайындалды. Сот жазаны кейінге шегерді, себебі әйелдің тағы да аяғы ауыр.

Шарт жасасуда делдал болған әйелді үш жылға қамау туралы үкім шықты.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Еске сала кетсек, Ақтау прокуратурасы тамыз айында облыстық перзентханада бала сату фактісі анықталғанын хабарлаған еді. Құқық қорғау органының өкілдері балаға «тапсырыс беріп», екі сәби «сатып алды». Бір бала үшін миллион-бір жарым миллион теңге сұраған. 

Соңғы жаңалықтар