Ақтауда полицейлер өртенген үйде қалып қойған үш баланы құтқарды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шықты. Полицейлер үш бүлдіршінді өрттен құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, 28 мамыр күні түскі уақытта 34 шағынаудандағы үйлердің бірінен өрт шыққаны жөнінде шақырту түскен.

Шақыртуға құрамында полиция аға лейтенанттары Рыскелді Маденов пен Жанболат Орынбасаров болған патрульдік полиция батальонының «Сұңқар-9» жасағы барды.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде тұрғындардың барлығы дерлік үйден шыққан екен. Алайда, әйел адам тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, дүкенге кеткенде үйдің ішінде үш баласы қалғанын, олардың ең кішісі 4-5 айлық екенін айтып, оларды алып шығуын өтінген.

Анықталғандай өрт сол подъездің жертөлесінен шыққан.

Рыскелді балалардың анасынан кілтті ала сала, шапшаң қимылдап, дымқыл сүлгіні алып балалар кілттенген пәтерге қарай бет алды.

Кішкентай сәбидің бетіне дымқыл сүлгіні жауып, басқа балаларын үйден шығарып, аман-есен анасына табыстады.

- Кішкене бүлдіршіндердің пәтер ішінде қалып қойғанын естігенде бар ойым еш қауіп төндірместен соларды анасына әкеліп табыстау болды. Балалар шошынып қала ма деп өзім де тез алып шығуға барынша тырыстым,- дейді полиция аға лейтенанты Рыскелді Маденов.

Осы ретте Маңғыстау облысы ПД ата-аналардан балаларды үйде жалғыз қалдырмауды сұрайды. Оқыс оқиғалар аяқ астынан болады. Сондықтан ата-аналардың қай кезде де мұқият әрі сақ болғаны абзал.


Соңғы жаңалықтар