Ақтауда Өзбекстанның консулдығы ашылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасының консулдық бөлімі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұған дейін бір топ мәжіліс депутаттары Өзбекстан мен басқа елдерден келетін еңбек мигранттарының мәселелерін шешуді сұраған болатын. Осы мәселеге байланысты олар бірнеше құзырлы ведомствоға хат жолдаған. Депутаттардың айтуынша, 2014 жылы еңбек мигранттарына үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға көмектескенімен, құқық бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды елімізден мәжбүрлеп шығаруды реттеуде кемшіліктер бар.

«Әсіресе Атырау мен Маңғыстауда бұл мәселе өзекті болып тұр. Елімізге Өзбекстаннан келетін мигранттардың көп екенін айта кету керек. Құжатын жоғалтқан шетелдіктер өз еліне бірден қайта алмайды. Ол үшін Нұр-Сұлтанға келіп, өздерінің елшілігіне өтініш білдіріп, төлқұжат алуы немесе өз еліне оралу үшін сертификат рәсімдеуі тиіс. Алайда жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, оларға жол жүру құжаты берілмейді. Сол себептен, оларды еліне қайтару мүмкін болмай отыр. Соның салдарынан осы санаттағы шетелдіктер тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар саны да көбеюде», - деді депутаттар.

Бұл депутаттық сауалға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жауап берді.

Оның жауабына сәйкес, ІІМ бұдан бұрын СІМ арқылы қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеумен байланысты мәселелерді шешу үшін Өзбекстан Елшілігінен едәуір қашық өңір ретінде Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасының өкілдігін ашуды ұсынған.

«Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы аясында Ақтау қаласында Өзбекстанның консулдық бөлімін ашу туралы шешім қабылданды. Консулдық осы жылы ашылмақ», - дейді жауабында Ішкі істер министрі.

Ерлан Тұрғымбаевтың хабарлауынша, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеу бөлігіне қатысты мәселелерде 2012 жылғы ҚР мен ӨР Үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісім нормалары қолданылады.

Соңғы жаңалықтар