Ақтауда Өзбекстанның бас консулдығы ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Өзбекстанның бас консулдығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дипломатиялық кеңсе Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыс пен достық қарым-қатынастың арта түсуіне мүмкіндік бермек.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен Өзбекстанның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев қатысты.

«Бүгін қасиетті Маңғыстау өңірінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жоспарлы түрде екі халық арасындағы ежелгі, терең тарихы бар мәдени және рухани байланысымыз одан әрі кеңейіп келеді. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасымыз одан әрі нығая бергей»,- деп құттықтады Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

«Бас консулдықтың ашылуы мемлекетаралық байланыстың артуына жол ашатын болды. Екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс арта түсеріне сенімдімін. Биылдың өзінде 6 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауарайналым 1 миллиард 800 миллионды құрады. Жылдың соңына дейін 4 миллиард Ақш долларына жетеді деп күтілуде», - деді Өзбекстанның елшісі Саидикрам Ниязходжаев.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 17 шілдесі күні екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» республикалық маңызы бар автожолы салтанатты түрде ашылды. Бас консулдықта екі ел азаматтары мен еңбек мигранттарына да құқықтық көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, Ақтауда Әзербайжан, Иран, Түркия мен Түркіменстанның консулдықтары жұмыс істеп тұр.



Соңғы жаңалықтар