Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт залы ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мүгедек жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау туралы идеяны Азат Есіркепов ұсынған. Оның мұрындық болуымен жаттығу залын ашу туралы ойын облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдаған.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып бизнес-жоспар құрдым. Интернет арқылы залға қажетті құрал-жабдықтарды іздеп, қоғамдық бірлестік туралы заңнаманы зерттедім. Демеушілердің арқасында осындай 60 шаршы метрді құрайтын шағын залды аштық», - дейді Азат Есіркепов.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар тірек-қимыл қозғалысы зақымданған, көру және есту мүмкіндігінен айырылған спортшылар болып үш топқа бөлінеді. Әрқайсысы өз мүмкіндігіне қарай спорт түрін таңдап, жаттығады. Шұғылданатын спорт түрі де негізгі үш топқа бөлінген. Спорттың паралимпиадалық түріне жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, нысана көздеу, пауэрлифтинг, арбада билеу, отырып ойнайтын волейбол түрі кіреді. Ал сурдлимпиадалық түріне футбол, шағын футбол, жағажай волейболы енгізілген.

«Мүмкіндігім шектеулі деп үйде отырып алмай, спортпен айналысса, олар денесін шынықтырып қана қоймай, өзі сияқты адамдармен әңгімелесіп, ойы бөлініп, өмірге деген көзқарасы да өзгерер еді. Сондықтан да облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды осы спорт алаңына шақырамын. Енді біз мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуіміз керек. Ол үшін тек ерінбей еңбектенуіміз ғана қалды», - дейді Азат Есіркепов.

Жаттығу залындағы арнайы қондырғылар түрлі жарақаты бар ауыр науқастарға оңалтудан өтуге мүмкіндік бермек. Әсіресе, омыртқасы зақымданған, сал, инсульт сынды күрделі сырқаттарға қажет жаттығулар кешені ұсынылды. Алдағы уақытта әр адаммен жеке жұмыс істеп, арнайы бағдарлама құруға әзір екендіктерін жеткізді.



Соңғы жаңалықтар