Ақтауда медсақтандыру қоры филиалының директоры ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры филиалының басшысы Руслан Бектібаев қамауға алынды. Ол 17,5 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күдіктінің қасында медициналық фирмалардың бірінің директоры да бар.

Компания қормен тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызметтерді сатып алу шартын жасасқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің базасына емделу немесе дәрігердің кеңесін алған адамдар туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған.

«Азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетілген. Бірақ іс жүзінде бұл қызметтер жасалмаған. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - деді Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов.

Руслан Бектібаев екі айдан бері тергеу изоляторында жатыр.

Филиалдың бұрынғы директорының мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.


Соңғы жаңалықтар